Біз туралы
Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт Қауымдастығы 2004 жылы 14 қазанда құрылды.

Қазіргі таңда, Қауымдастық аясына 10 федерация (Көкпар, Жамбы ату, Аударыспақ, Теңге ілу, Бәйге, Садақ ату, Құсбегілік, Тоғызқұмалақ, Асық ату, «JORYQ» ат спорты) бас қосып, ұлттық спортты дамыту саласында қызмет атқаруда.

2022 жылы 9 қыркүйекте өткен Қауымдастық құрылтайшыларының жалпы жиналысында «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов президент болып сайланды.
Құрамына бүгінде 10 федерация кіретін Қауымдастық ұлттық спорт түрлерін танымал етуді, жұртшылықтың жаппай қызығушылығын оятуды, оны халықаралық деңгейге көтеру және ұлттық ойындарымызды кәсіби спорт ретінде дамытуды мақсат етеді.

Ұлттық спорт қауымдастығы ата-баба өмірінің ажырамас бөлігіне айналған асыл мұраны сақтап қана қоймай, оны қарқынды дамытып, келер ұрпаққа мирас етіп қалдыруды басты міндеті санайды.
Қауымдастық құрамында осыған дейін 6 федерация жұмыс істесе, 2023 жылдан бастап олардың саны 10-ға жетті. Осылайша, Көкпар, Бәйге, Жамбы ату, Аударыспақ, Теңге ілу, Дәстүрлі садақ ату, Құсбегілік, Тоғызқұмалақ, Асық ату, «JORYQ» ат спорты федерациялары да дәстүрімізді дәріптеп, халқымыздың рухани құндылықтарын ұлықтау үшін ұлттық спортты дамыту бағытында табанды еңбек етіп келеді.

Қауымдастық бүгінде ұлттық спорт мамандарын дайындау, инфрақұрылымды дамыту, спорттық индустрияны ілгерілету сияқты басты үш бағыт бойынша қарқынды жұмыс атқарып жатыр.

Қазіргі таңда ұлттық спорт түрлерімен кәсіби түрде 500 мыңға жуық спортшы айналысады.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары
«Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз»

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың

«Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан.


Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлттық спорт қауымдастығы елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастыру және дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғау үшін дайындық жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2024 жылдың 8-14 қыркүйегі аралығында Астанада өтеді. Дүбірлі додаға 100-ден астам елден делегация келеді деп күтіліп отыр.

Спорттық бағдарламаға 20 жарыс түрі кірді. Барлығы 110 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыс ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, саятшылық өнер, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді. Сондай-ақ, ресми бағдарламадан тыс ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім болады. Қазіргі уақытта Ұлттық спорт қауымдастығының қатысуымен командалардың құрамы жасақталып, оқу-жаттығу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
«Алтын Тұғыр» ұлттық сыйлығы
Қауымдастық ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен насихаттау, көрнекті спортшылар мен жаттықтырушыларды ынталандыру мақсатында жыл сайын «Алтын тұғыр» сыйлығын тағайындайды.
2023 жылы «Алтын тұғыр» жүлдесінің он жылдық мерейтойы аясында Қауымдастық құрамына кіретін он ұлттық спорт пен ойын түрі бойынша үздіктер анықталды. Спортшылар 10, ал жаттықтырушылар 9 номинация бойынша марапатталды.
«АLAMAN» медиа байқауы
Тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы журналистер арасында «АLAMAN» атты халықаралық медиа байқау жариялады.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында ұйымдастырылып отырған байқауға отандық журналистер және авторлармен қатар шетелдік БАҚ өкілдері де қатыса алады. Байқаудың мақсаты - ұлттық спорт түрлерінің насихатын күшейту үшін осы саладағы журналистер, БАҚ өкілдері және авторларды кәсіби тұрғыдан бағалап, ең үздіктерін анықтау.

«АLAMAN» медиа байқауында жеті номинация бойынша үздіктер анықталады:
- «Үздік бағдарлама» (телевизия, радио)
- «Үздік аналитикалық материал» (дәстүрлі баспасөз: газет, журнал)
- «Үздік танымдық материал» (интернет, БАҚ)
- «Үздік сұхбат» (YouTube арна)
- «Үздік фотосурет» (БАҚ, әлеуметтік желі)
- «Шетелдік БАҚ-та жарияланған үздік материал» (қазақтың ұлттық спорты туралы)
- «Әлеуметтік желідегі үздік материал» (блогинг, мобилография).
Басқа да ақпараттарды ұйымдастыру комитетіне хабарласу немесе келесі сілтемеге өту арқылы білуге болады: http://alaman.ultsport.kz/.

Байланыс нөмірі:
Бибігүл Бөкенбай +7 775 332 08 00.
«Құлагер» әдеби байқауы
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесе отырып жазушылар арасында «Құлагер» республикалық әдеби байқауын жариялады.

Негізгі мақсат – ұлттық спортты насихаттау және қаламгерлерге қолдау көрсету, оларды ұлттық спорт түрлері туралы жаңа туындыларды жазуға ынталандыру.

Байқауда мынадай жеті номинация болады:
- Үздік поэзия
- Үздік проза
- Балаларға арналған үздік шығарма
- Үздік комикс
- Үздік драма
- Үздік деректі шығарма
- Үздік фантастикалық/мифологиялық шығарма

Байқау туралы толық ақпаратты ұйымдастыру комитетіне төменде көрсетілген нөмірлерге хабарласу немесе келесі сілтемеге өту арқылы білуге болады: http:// qulager.ultsport.kz/

Байланыс нөмірі:
Бибігүл Бөкенбай +7 775 332 0800
Хадиша Ерсеитова +7 701 516 55 84
Байланыс үшін
Телефон: + 7 707 218 71 38
Email: Info@ultsport.kz