Жаңалықтар

Асық атудан қазақстан чемпиондары белгілі болды

2024-11-26 21:00
Көкшетау қаласында Асық атудан ересектер арасында (ерлер мен әйелдер)жекелей-командалық және жекелей блиц Қазақстан чемпионаты аяқталды.

Төрт күнге созылған дүбірлі додада еліміздің 16 облысынан келген жүз асықшы қыз-жігіттер сынға түсіп,жеңімпаздардың есімдері белгілі болды.

Аса тартысты өткен сында Асық атудан Шымкент қаласының командасы топ жарса, Павлодар облысы мен Астана қаласының асықшылары екінші - үшінші орындарды өзара бөлісті.

Жекелей сында 1 сақа бойынша Нұрқисса Молжігітов (Шымкент қаласы) бірінші орын алса, екінші орыннан Амандос Айтқұлов (Түркістан облысы) көрінді. Ақтөбе облысының асықшысы Ғарышбек Құлыбек үздік үштікті түйіндеді.

2 сақа бойынша бірінші орынға Нұржігіт Әнуарбекұлы (Шымкент қаласы) ие болса, екінші - үшінші орыннан Еркебай Сарсеков (Ақмола облысы) пен Есен Жұмағұлов көрінді.

3 сақа бойынша Қуаныш Қабылда (Павлодар облысы) үздік шықса, Сәбит Өтеулиев екінші, Нұрқанат Молжігітов (Шымкент қаласы) үшінші сатыға жайғасты.

Бес асықтан Астана қаласының қыздары қарсылас шақ келтірмесе, Павлодар облысы мен Түркістан облысының қыздары екінші - үшінші орындарға ие болды.

Бес асықтан 1 кілемде Камила Даниярова (Астана қаласы) бірінші, 2 орынды Гаухар Жалиева (Қостанай облысы) екінші, Маржан Мирхамидова (Түркістан облысы) үшінші орынға ие болды.

2 кілемде Елемес Перизат (Астана қаласы) ешкімге дес бермесе, екінші - үшінші орындарды Әсемгүл Төлендікова (Павлодар облысы) мен Камила Сисенбай (СҚО) иеленді. Үшінші кілемде Аружан Сүйментай (Астана қаласы) дара шықса, Сабина Ермағанбет (СҚО) екінші, Гүлфайрус Қыдырғалиева (Атырау облысы) үшінші орын алды.

Бұл чемпионаттың тағы бір ерекшелігі жекелей блицтен де үздіктер анықталып, Асық атудан Жамбыл облысының спортшысы Нұрсұлтан Қалмағанбетов топ жарды. Ақмолалық Еркебай Сарсеков екінші орынға ие болса, үшінші орынды Шымкенттік Нұрқанат Молжігітов женіп алды.

Бес асықтан Астананың асықшысы Перизат Елемес өзінің мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдесе, оның командаласы Камила Даниярова екінші орын алды. Түркістан облысынан келген Маржан Мирхамидова қола жүлдеге қол жеткізді.

Осылайша ересектер арасындағы ел чемпионаты өз мәресіне жетіп, ұлттық құраманың жаңа құрамына лайықты қыз-жігіттер анықталды.

Чемпионаттың ұйымдастырушылары – ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, «Асық ату» федерациясы.

Бас серіктес – «Самұрық-Қазына» АҚ және Sport Qory спортты қолдау қоры.