Көкпардан жастар арасындағы XVIII ел чемпионатында Түркістан облысының командасы жеңіске жетті
2024-05-29 16:25
Чемпионатқа Шымкент қаласы және Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Ұлытау облыстарының құрама командалары қатысты. 12 команда үш-үштен төрт топқа бөлініп, айналмалы жүйе бойынша ойнады.
Өз топтарында бірінші орынмен шыққан Түркістан мен Атырау облыстарының құрамасы жартылай финалда кездесті. Бұл тартысты ойында түркістандықтар 8:3 есебімен басым түсті. Жартылай финалға жолдама алған тағы бір жұп команда – Алматы облысы мен Шымкент қаласы құрамаларының арасындағы тартыс шымқалалықтардың пайдасына 9:3 есебімен аяқталды.
Жартылай финалдан сүрінген Атырау мен Алматы облыстарының командалары үшінші орын үшін айқасты. Нәтижесінде 4-2 есебімен 3-орын мен оның жүлдесі – 3 000 000 теңге атыраулықтарға бұйырды.
Финал Шымкент қаласы мен Түркістан облысының командалары арасында өтті. Ойын өте тартысты өтіп, есеп тек бірінші тайм аяқталар тұста ғана ашылды. Екінші таймда түркістандықтардың екінші демі ашылып, жауапсыз 2 салым салды. Есеп – 3:0. Түркістандық команда көкпардан жастар арасындағы XVIII Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды. 2-орынан көрінген Шымкент командасына – 5 000 000, ал жеңімпаз Түркістан облысының командасына 7 000 000 теңге жүлде берілді.
Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі – Sport Qory спортты қолдау қоры.
Еске сала кетейік, Республикалық көкпар федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге бәйге, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, садақ ату, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.