Жаңалықтар

Жамбы атудан ел чемпионаты аяқталды

2024-11-21 22:00
Жамбыл облысы, Меркі ауданында жамбы атудан ересектер арасындағы Х Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл айтулы дода жылдың соңғы әрі ең маңызды жарысы. Себебі жеңімпаздар мен жүлдегердер қатарынан Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы осы тізіпге қарап жасақталады. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген 30 спортшы еліміздің басты мергені атану үшін бақ сынады.

Жылдың басты әрі соңғы жарысының алғашқы күні мергендер «Мажар» стилінен бастады.

Нәтижесінде, Түркістан облысының намысын қорғаған Сарыбай Айтбек 77,94 ұпаймен алтынды, 77,22 ұпаймен түркістандық Айкөз Ералхан күмісті, ал жамбылдық Тұлыбеков Абзал 66,41 ұпаймен қола жүлдені еншіледі.

Екінші күні спортшылар «Азия» стилінен сынға түсті. Бұл нысананы дәл көздеген Түркістан облысының намысын қорғаған үш спортшы жеңіс тұғырынан көрінді. Батыр Бексауыт алтын, Айкөз Ералхан күміс, Сарыбай Айтбек қола жүлде еншіледі.

Үшінші жарыс күні жамбы атушылар «Түркі» нысанасын көздеді. Нәтижесінде, жарақатына байланысты бір жылдық үзіліс алған мергеніміз жамбылдық Бабажан Бақдәулет бабында екенін тағы бір дәлелдеп, алтын жүлде иеленді. Түркістандық Айкөз Ералхан күмісті, Меркі ауданының тумасы Тұлыбеков Абзал қола жүлде еншіледі.

Чемпионатқа ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы қолдау көрсетті.

Чемпионаттың ұйымдастырушылары – ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, «Жамбы ату» федерациясы.

Бас серіктес – «Самұрық-Қазына» АҚ және Sport Qory спортты қолдау қоры.