«Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті.
2024-12-24 09:18
Астанада «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті.
Жиынға Парламент Мәжілісінің Төрағасы - «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, Президент кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, сондай-ақ депутаттар мен көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты. Салтанатты кешке Қазақстанның барлық аймақтарынан спорт федерацияларының басшылары, спортшылар, жаттықтырушылар мен ұлттық спорт жанкүйерлері де жиналды.
Іс-шарада Ерлан Қошанов осы жыл қазақтың ұлттық спорт түрлері үшін айтулы жыл болғанын атап өтті. Бүкіл әлем V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында отандық спортшыларымыздың жеңісіне куә болды. Президент бастамасымен олардың басым көпшілігі мемлекеттік наградаларға ұсынылды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Олар біздің мәдениетіміз бен менталитетіміздің ажырамас бөлігі. Президент тапсырмасы бойынша елімізде ұлттық спорт орталықтары, клубтар, мектептер ашылуда. Онда 600 мыңнан астам адам қазақтың дәстүрлі спорт түрлерімен айналысады. Бүгінгі «Алтын тұғыр» сыйлығы ұлттық қазынамызды сақтауға және оны елімізде, дүние жүзінде ілгерілетуге тікелей ықпал етеді», – деді ол.
Қауымдастық президенті Исламбек Салжанов, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамытуға әрқашан шынайы ықылас танытып, айрықша қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары еліміз үшін олжалы болғанын сөз етті.
«Бұл жетістік бізге бір күнде келген жоқ. Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы және Ұлттық спорт қауымдастығына қарасты 10 федерация халықаралық жарысқа дейін, тынымсыз еңбек етіп, спортшыларды қолдап, олардың дайындығына ерекше мән берді. Соның арқасында біздің жігіттер мен қыздар барын салып, жеңіске жетті»,-деді ол.
Іс-шараны Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды. Салтанатты іс-шара «Amanat» партиясы, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі - «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі – «Sport Qory».