Жаңалықтар

Талдықорғанда өткен Ұлы Аламан бәйге жеңімпазы 5 млн теңге жүлде алды

Турнирге қатысқан 190-нан астам шабандоз үздік шабандоз атағы мен финалдан орын алу үшін тартысты ойын көрсетті.

Жарыс бәйгенің 4 түрі бойынша өтті: Құнан бәйге, Топ бәйге, Аламан бәйге және Ұлы Аламан. Жалпы жүлде қоры – 30 000 000 теңге.

Құнан бәйге бойынша І орынды Жұлдыз атты тұлпар (шабандозы Әуесхан Ислам) II орынды Қарлығаш атты құнан (шабандозы Бекжан Ержанұлы) алды. Жүлдегерлер үштігін Бұйрық есімді атқа мінген Нүсіпжан Бекарыс тәмамдады.

Топ бәйгеде Айқабақ атты сәйгүлік үздік атанды (шабандозы Аңсар Арыстанбек). II орынды Қалқаман (шабандозы Арнұр Саматұлы), ІІІ орынды Шұғыла атты тұлпар (шабандозы Абзал Тұрғанбек) жеңіп алды.

Аламан бәйге нәтижесі бойынша І орынды Бүркіт атты айғыр иеленді (шабандозы Бекзат Ділдахан), ІІ орынды Рахмет деген жылқы, (шабандозы Айбын Өмен) жеңіп алды. ІІІ орында – Тасқын атты тұлпар (шабандозы Нұрбай Жасұлан).

Бәйгені аяқтаған соңғы сайыс - Ұлы Аламан бәйге. Нәтижелері келесідей - I орынды Самұрық иеленді, шабандозы Әлібек Нұрғазыұлы. Осы орын үшін жарыстың бас жүлдесі 5 000 000 теңге берілді. II орынды Жұмыртұяқ алды, шабандозы – Хамза Амангелді. III орынды Фартуна атты айғыр, шабандозы Арнұр Саматұлымен иеленді.

Сонымен қатар, көрермендер үшін жалпы жүлде қоры 3 000 000 теңгені құрайтын сыйлықтардың ұтыс ойыны өтті.

Еске сала кетейік, Республикалық бәйге федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, садақ ату, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.