Жаңалықтар

«Алтын тұғыр» иелерінің қандай жетістіктері бар

«Алтын тұғыр – 2024» ұлттық сыйлығының иегерлері қуанышты сезімдерімен бөлісіп, жүздеген, мыңдаған спортшының арасынан қалай үздік атанғанын айтып берді.

«Дәстүрлі садақ ату» номинациясы бойынша Айкөркем Батихан үздіктердің қатарынан табылды. Оның алғашқы үлкен жетістігі – биыл Стамбұлда өткен «Fetih Kupası» жарысының алтын жүлде иегері болды. Жалпы 12 жылдан бері өтіп келе жатқан жарыста қазақстандықтар алғаш рет жеңіп отыр. Одан соң Көшпенділер ойындарында қола және күміс жүлде иегері. Үздіктер қатарынан көрінуіне осы екі үлкен жетістігі себеп болды деген ойда.

Оның дәстүрлі садақ атумен айналысып жүргеніне небәрі 2 жылдай ғана уақыт болған. Әуелде ағасының нұсқауымен хобби ретінде қолға алып, кейін кәсіби спортшыға айналған.

«Осы спортты таңдағаныма мүлде өкінбеймін. Керісінше, қатты қуанам. Себебі, дәстүрлі садақ ату – өте әдемі спорт және қыз балалардың табиғатына да, мінезіне де келеді. Үздік атану үлкен жауапкершілік болғаннан кейін қобалжытады. Былтыр осы «Алтын тұғыр» сыйлығына көрермен ретінде келген едім, биыл өзім алуымды бұйыртып отыр», – дейді ол.

«Аударыспақ» спорты бойынша үздік жаттықтырушы деп танылған Түркістан облысы командасының бас бапкері Біржан Қосалиевтің айтуынша, соңғы жылдағы атап өтер оқиғалардың ішінде ең үлкені кешегі өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары болып отыр. Онда 5 алтын, 1 күміспен Қазақстан командалық есепте 1 орын алған еді. Одан кейін Қазақстан чемпионаты өтті. Оның ішінде Түркістан облысы жігіттері 5 алтынмен бірінші орын еншіледі.

«Бүгінде өз шәкірттерімнің барлығы ерекше. Оның бәрі еңбектің арқасы. Ақпаннан бастап 6 ай дайындықта болады. Жігіттер соның арқасында жеңіске жетіп жатыр. Басқа облыстар қыс бойы тегіс тыныш жатады. Біздің ерекшелігіміз, қыс бойы күнделікті азаннан кешке дейін көкпар тартамыз. Ол үлкен дайындық. Басқа облыстарда жаппай көкпар жоқ, жеке жаттығу жасайды. Ол бәрібір көкпардай емес», – дейді ол.

Айта кетелік, жыл сайынғы «Алтын тұғыр» сыйлығы ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен насихаттау, көрнекті спортшылар мен жаттықтырушыларды ынталандыру мақсатында тағайындалды.

Іс-шараны Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды. Салтанатты іс-шара «Amanat» партиясы, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі - «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі – «Sport Qory».